«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 5 шілдедегі No 176-VІ ҚР Заңы (бұдан әрі – Заң)

Заң консультантының қызметін сақтандыру

Заң консультанты шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғаларға зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер бойынша кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру шартын жасасуға міндетті.

      Заң консультанты кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру шарты болмаған кезде заң көмегін көрсетуге кірісуге құқылы емес.

      Егер заң консультанты заңды тұлғамен еңбек қатынастарында тұрған жағдайда, заң консультантының кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасу жөніндегі міндет осы заңды тұлғаға жүктеледі.

Сақтанушының (сақтандырылған тұлғаның) шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғаларға қызметті жүзеге асыру нәтижесінде келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеу міндетіне байланысты мүліктік мүдделері заң консультантының кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру объектісі болып табылады.

Шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне сақтандырылған тұлғаның заң көмегін көрсету кезінде жол берген кәсіптік қателіктері салдарынан келтірілген зиянды өтеу бойынша сақтанушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталу фактісі заң консультантының кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы болып табылады.

      Осы тараудың мақсаттары үшін кәсіптік қателіктер деп мыналар:

      1) процестік мерзімдерді өткізіп алу;

      2) құжаттарды дұрыс рәсімдемеу;

      3) шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін тұлғаға өзіне зиян келтіруге алып келген, жасалатын заңдық әрекеттердің салдары туралы хабарламау;

      4) сақтанушы (сақтандырылған тұлға) заң көмегін көрсету үшін клиенттен алған құжаттардың жоғалуы немесе бүлінуі;

      5) сақтандырылған тұлғаның заң көмегін көрсету процесінде өзіне мәлім болған мәліметтерді құқыққа сыйымсыз жария етуі түсініледі.

      Заң консультантының кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартында сақтандырылған тұлғаның осындай көмек көрсетуі нәтижесінде шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне зиян келтіруге алып келген өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) айқындалуы мүмкін.

Заң консультантының кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың тәртібі мен өзге де талаптары заң консультантының кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың үлгілік шарты негізінде тараптардың келісімімен айқындалады.

Заң консультанттары палатасы мүшелерінің жауапкершілігі

      Заң консультанттары палатасының мүшесі Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, палата жарғысының, қағидалары мен стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңдарына, заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарына сәйкес жауапты болады.

      Заң консультанттары палатасының мүшелеріне жазалар қолдану, оларды алып тастау және шағым жасау тәртібі палатаның жарғысында және қағидаларында айқындалады.

  • Hits: 272

«Әділет» Павлодар қаласының заң консультанттар палатасы